Сайрамдық саңлақтар жарап тұр

Сайрамдық

Жастар  – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен, спорт саласында беткеұстар қабілетті де қарымды Сәкен Бибосынов пен Абзал Құттыбаевтардың өзі төбе емес пе?! Таяуда бокстан «Elorda Cup» халықаралық турнирінде Сәкен Бибосынов 51 келі салмақта, ал Абзал Құттыбаев 86 келі салмақта чемпион атанып, мерейімізді асырды. Өз елімізді былай қойғанда, әлемдік дегейде ел намысын лайықты қорғап, мерейімізді асырып жүрген осындай жастар Сайрам ауданында жетіп артылады. Солардың бірнешеуімен таныстырып өтейік. Бекбулатов Атабек Әлібекұлы

Таланытмен талайды таң қалдырып жүрген Атабек 1995 жылы дүниеге келген. Талантты суретші. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. 2018 жылы 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» атты облыстық жастар шығармашылық байқауының II орын иегері. Түркістан облысының талантты жастарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған «ONStandAP» телевизиялық байқауына қатысып жүлделі III орынды, «Ұлы Даланың жеті қыры: мәдениет, өнер және білім салаларындағы студенттердің ғылыми ізденістері» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда I орын алған. 2019 жылы Жастар жылы аясында өткен «Жастық шақ бояуы» атты республикалық жас суретшілер байқауының дипломанты.

– Атабектің бейнелеуден бөлек, зергерлік те қасиеті бар. Ағаштан ою ою да оған таңсық емес екен. Жан-жақты жігіт бүгінде түске дейін білім алып, осыдан соң қосымша жеке жұмыстарын қатар алып жүр.  Әлемі бөлек Атабектің болашағынан ұстаздары да зор үміт күтеді, – дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Дәулет Болысбаев.

Сондай-ақ, Атабек 2021 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясының иегері.