Бүгін еліміздің ең үздік дәрігерлері, медиаторлары, психологтары және заңгерлерінің қатысуымен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы ауданымыздың «Қызылсай» елді мекеніне келді. Республика аумағында жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан жоба бастамашыларын елді мекен тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 26 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе республика деңгейінде «САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» әлеуметтік жобасы жүзеге асуда.
Бүгінге дейін медициналық қызметтерді көрсеткен жобаға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен тұрғындар өтінішіне орай биылдан бастап алғаш рет кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып отыр.
Жалпы жобаның басты мақсаты — ел аймақтарының шалғай станциаларында тұратын азаматтарға тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету.
Қарашаның 16-17 күндері сағат 9:00-18:00 аралығында өз жұмысын жүргізетін жоба барысында «Қызылсай» елді мекені тұрғындары барлық мәселелеріне қатысты құқықтық, психологиялық және медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден, психологтардан, медиаторлардан тегін және толық көлемде қажетті көмек пен кеңес алатын болады.
Ал, бүгінгі жобаның «Қызылсай» еллі мекеніндегі ашылу салтанатына қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері, жоба бастамашылары мен қатысушылары, аудандық комиссия төрағасы, өкілдері және елді мекен тұрғындары мен аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері қатысты. Өз кезегінде Қызылсайлық тұрғындар барлық жоба қызметкерлері мен ұйымдастырушыларына шексіз алғысын білдіруде.