2026 жылғы 21 ақпанда Астана қаласында «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» тақырыбында сарапшылар диалогы өтті. Іс-шарада жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, олардың институционалдық, құқықтық және саяси маңыздылығы ашық талқыланды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ халықаралық шарттардың ел аумағында қолданылу тетігін заң арқылы нақтылау құқықтық айқындықты қамтамасыз ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам іргелі конституциялық құндылықтардың тұрақтылығын сақтауға және азаматтардың құқықтық кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық шарттар ратификацияға дейін Конституциялық сот арқылы олардың Конституцияға сәйкестігі жөнінде қорытынды алуға болатыны – құқықтық қауіпсіздіктің маңызды құралы.
ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Аубакирова Конституцияның түпкі мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа жоба билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нақты белгілейді. Әр орган өз өкілеттігі шегінде әрекет етіп, жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – адам құқықтарының шынайы қорғалуына негіз болады.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Конституция жобасында балаларды тәрбиелеу мен оларға қамқорлық жасау ата-ананың басты құқығы әрі міндеті ретінде бекітілетінін жеткізді. Ал мемлекет балалардың құқықтарын қорғап, қауіп төнген немесе құқықтары бұзылған жағдайда араласатынын атап өтті. Бүгінде әлеуметтік салада балаларды қолдауға бағытталған 49 қызмет пен 15 түрлі жәрдемақы қарастырылғаны – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айғағы.
Мәжіліс депутаты Снежана Имашева жаңа Конституция жобасы аясында көптеген заңнамалық актілер қайта қаралатынын айтты. Олар жаңа нормаларға сәйкестендіріліп қана қоймай, Конституцияда көзделген әлеуетті толық ашуға бағытталмақ. Атап айтқанда, азаматтық туралы заңға шетелде туған кәмелетке толмаған балалардың азаматтығын реттейтін нақты ережелер енгізу қажеттігі көтерілді.
Жалпы, сарапшылар диалогы жаңа Конституция жобасының қоғам үшін стратегиялық маңызын айқындап, адам құқықтары мен заң үстемдігін күшейтуге бағытталған жүйелі өзгерістердің бастамасы екенін көрсетті. Бұл – құқықтық мемлекетті нығайтып, ел дамуының жаңа кезеңіне сенімді қадам жасауға бағытталған маңызды бастама.
