«ШАПАҒАТ-ПЕДАГОГ» білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұстаздар қауымына еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мен жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Семинардың мақсаты: білім беру мекемелерінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік еңбек жағдайын қалыптастыру мақсатында тәжірибе алмасу.
Жиынға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев, Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Мухтар Туленов, Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау майоры Айбек Мухтаров, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова мен кәсіподақ активі қатысты.
Іс-шараны модератор, қоғамдық бірлестік төрайымы Гульнара Тлеубердиева ашып беріп, алғы сөзді мемлекеттік еңбек инспекторы Мухтар Туленовке берді.
Мухтар Туленов «Еңбек қауіпсіздігін қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының негізгі принциптерін, өзгерістері мен толықтыруларына түсіндірме беріп, жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырды.
Өз кезегінде сөз алған Лаура Ақшегірова, кәсіподақ ұйымы құрылған мекемелерде медиацияны дамыта отырып, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын және еңбек қатынастары мен түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуде Кәсіподақтар орталығы жанында құрылған «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» кәсіподақ мүшелеріне тегін құқықтық көмек көрсетіп жатқандығын айтып өтті.
Аталмыш шараны қорытындылаған аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев қатысушыларға Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жыл» деп жариялануына орай, кәсіподақтардың әрдайым еңбеккерлердің еңбек қауіпсіздігін басты назарда ұстайтынын алға тартып, еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, қатысушыларға алғысын білдірді.
Семинарға қатысушылар аталған кездесуде көптеген сұрақтарына жауап алып, өз ризашылықтарын білдірді.