Бүгінгі аппараттық жиында мектеп тапшылығы мен құрылысын жүргізу мәселесі талқыланды деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 4 мектеп пайдалануға беріледі.
1.Ақтаудағы 34 ш/а 1200 орынды мектеп
2.Шығыс-1 ш/а 300 орынды мектеп
3.Мұнайлы ауданында жекеменшік мектебі
4.Мұнайлы ауданында “Білімді ел” жекеменшік мектебі.
Жалпы «Нұр Отан» партиясының 2025 жылға дейігі сайлауалды бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында 26 мектептің құрылысы жоспарланған. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевтың айтуынша 2021 жылы – 4 мектеп; 2022 жылы – 7 мектеп; 2023, 2024, 2025 жылдары – 5 мектептен салынады.
Облыс әкімі басқарма басшысына әр шағынаудан құрылысын бастағанда мектеп құрылысын бірге жоспарлауды тапсырды. “Халыққа ыңғайлы болуы үшін әр шағынауданда білім ордасы болуы тиіс. Осыны жіті қадағалаңыздар. Жауапты боласыздар”,-деді өңір басшысы.
Облыстық білім басқармасының басшысы С.Түлебаеваның айтуынша биыл пайдалануға берілетін 34 шағынаудандағы №19 және Шығыс-1 шағынауданындағы №25 мектептер кадрлармен толық қамтылатын болады. Бүгінде білім басқармасына мұғалімдерден барлығы 395 түйіндеме келіп түскен. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында 900-ге жуық жас маман келеді деп күтілуде. «Мектептерге жұмысқа орналасу үшін барлық педагогтар міндетті түрде әңгімелесу арқылы қабылданады. Өйткені білім сапасы өз пәнін жақсы меңгерген білімді мұғалімдерге тікелей байланысты екені белгілі»,- деді С.Түлебаева.