Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi.
Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың сот билiгiн иеленуге құқығы жоқ.
2000 жылы судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беретін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды.
Конституциялық заңмен судьялардың сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз екені және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынатыны айқындалған.
Соттардың алдындағы негізгі міндеттері – Конституцияны, заңнаманы бұлжытпай сақтау, судьяның антына адал болу, сот төрелiгiн iске асырған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтау және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болу, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және қызметіге заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұру болып табылады.
Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады.
Судьяның тәуелсiздiгi сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен, қызметiне араласқаны үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен қамтамасыз етiледi.
Сонымен қатар, сот жүйесінде жүргізіліп келе жатқан заманауи реформалар да сот тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Судья қызметіне тағайындау ашық және конкурстық негізде жүргізіледі және оларға қойылатын талап та күшейтілген.
Барлық соттарда электронды іс жүргізу жүйесі енгізілген, сот процесіне қатысушылардың өз істерінің қозғалысын кез-келген уақытта бақылай алуына мүмкіндік жасалған.
Барлық сот процестерінен міндетті түрде аудио-бейне жазба жүргізу енгізілді.
Ал, азаматтардың жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік соттар құрылды.
Мұндай істер бойынша дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, әкімшілік органға жүктелетін болды.
Заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар азаматтардың пайдасына түсініліп, әкімшілік соттың белсенді рөлі, өз бастамасы бойынша қосымша дәлелдемелер жинақтау құқығы енгізілді.
Түркістан облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ф.Ж.Абдукадырова