Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар санынан денсаулық сақтау саласы көш басында. Жыл басынан бері аталған бір ғана саланың өзінде 24 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Осыны ескерген мамандар сала қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұрады.

         Жемқорлық жегі құрт. Әр саланың аспандап дамуына айтарлықтай кесірін тигізеді. Әсіресе адам өмірімен тікелей тығыз байланысты салада пара беру пара алу, мемлекеттік қаржыны жымқыру секілді фактілердің жиілеп кетуі мамандарды алаңдатуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ешқашанда тоқтаған емес. Алайда жыл сайын бұл көрсеткіштер шарықтап өсуде. Жыл басынан бері 65 жемқорлық фактілері тіркелген. Денсаулық сақтау саласымен қатар аты шулы тізімде Құқық қорғау, Құрылс және Білім салалары да бар.

         Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі болып табылатыны баршаға мәлім. Көптеген дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда да сыбайлас жемқорлық барлық салаларда таралған, сол арқылы экономиканың дамуына теріс әсер етеді. Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі тетіктерінің бірі болып саналады. Біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына елеулі бюджет қаражаты бөлінеді. Қазіргі таңда пандемия жағдайына байланысты денсаулық сақтау саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың бірі ретінде танылды.

         Пандемия бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің беріктігін тексергендей болды. Мұндай өзгерістерге дайын болмаған денсаулық сақтау саласының жоспарларына да айтарлықтай түзетулер енгізді. Қаражатты бөлуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жіті назарда ұстады. Агенттік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақыны мақсатты жұмсау мәселелері ерекше бақылауда және тұрақты негізде тиісті жұмыстар жүргізеді.

         Қалалық департамент қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін тұлғалар үшін заңнамалық түрде біржолғы ақшалай сыйақылар берілетіндігін айтып өткен болатын. Жыл басынан бері құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 5 тұлғаға 900 мың теңгеге жуық сыйақы тағайындалған. Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат 14 24 колл-орталығына хабарласа алады.

Ntime.kz