Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған індеттің бірі. Бұл індет біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресте, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына деген сенімін нығайту бүгінгі таңдағы басты міндет. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып саналады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекет әр салада жүзеге асырылуда. Алайда күнделікті өмірде халық әсіресе парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келуде. Ал осының алдын алу үшін кез келген ортада пара беру мен алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында іс-шаралар өтуде. Аталған жобаның мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбы аясында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер мен байқаулар өтуде. Атап айтқанда үздік шығармалар мен мақалалар байқауы, «Парасатты отбасы-2022» онлайн байқауы ұйымдастырылуда. Оған қомақты жүлде қоры қарастырылған.
Жалпы, мұндай іс-шаралар әр мемлекеттік салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын нәтижелі жүргізуге, әр азаматтың құқықтық мүддесін қорғауға, алдын ала жемқорлық іс-әрекеттерден қорғауға, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.