Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті.
Аймақта алғашқы болып егінге орақ салған «Ернар» және «Мақпал» шаруа қожалықтары бітік өскен масақты дақылдардан жиналған биылғы дәнді шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісті. Алғашқы орақ салу шарасына аудан әкімі Садырқұлов қатысып, астықтың мол болуына тілектестік білдірді.
«Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге – нәсіп» дегендей, биылғы жиын-терім науқаны мерзімінен кешікпей бас-
талды. Ендігі міндет орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр.
Ағымдағы жылы аудан бойынша 136 671 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдар себілген. Оның ішінде күздік бидай – 55200 гектар болса, 53073 га жаздық арпа.
Айта кететіні, Т.Рысқұлов ауданында жыл сайын ауыл шаруашылық техникалары жаңаланып, науқанға сақадай сай дайындықпен кіріседі. Нәтижесінде, қамбаны астыққа толтырып, шаруашылық диқандары аудан мерейінің үстем болуына үлес қосуда.
Қазіргі күні өңір диқандары ауа райын пайдаланып, ырыс дәнін бастыруда. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша шығымы жақсы. Басты мақсат – жауын-шашынға ұрындырмай астықты уақытында орып алу. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Қуатты техника мен жанар-жағармай да жеткілікті.
Мөлдір Тастанбек Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы