Шымкентте Қаратау ауданы әкімдігі бейберекет қоқыс тастауға қарсы күресті күшейтіп, тазалықты сақтау бойынша қатаң шараларды қолға алды. Бұл бастама қала тұрғындарының шағымдары мен экологиялық жағдайдың ушығуына байланысты қолға алынған.
Аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы рейдтік топ құрылып, күнделікті негізде көшелер, аула ішіндегі алаңдар мен бос жатқан жерлер тексерілуде. Нәтижесінде бірнеше бейресми қоқыс төгілген орындар анықталып, жауапты тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынды.
— Қаламыздың тазалығы – барлығымызға ортақ міндет. Алайда кейбір тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілері қоқысты арнайы контейнерлерге тастамай, рұқсат етілмеген орындарға төгуде. Бұл – санитарлық нормаларды өрескел бұзу, — деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Төлегенов.
Сонымен қатар, ауданда бейнебақылау жүйелері орнатылуда, бұл тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, заңбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Әкімдік өкілдері қоғамдық ұйымдармен және еріктілермен бірлесіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде.
Жаңа шаралар аясында:
Қоқыс жәшіктері орнатылмаған аулаларға қосымша контейнерлер қойылады;
Қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетін енгізу жоспарланып отыр;
Экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылады.
Аудан әкімдігі тұрғындарды тазалықты сақтауға, қоқысты тек рұқсат етілген орындарға тастауға және қалаға ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырады.Қаратау ауданы әкімдігі мен аудандық полиция басқармасы рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастау деректеріне қатысты бақылауды күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды тұрақты түрде жүзеге асыруда.
Еске сала кетейік:
Қоқысты белгіленбеген жерге тастау: ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес:
Алғашқы рет – ескерту немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл
Қайталанса – 30 АЕК айыппұл
Қалдықтарды бейберекет тастау (ұсақ құқықбұзушылық) – ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес:
Бірінші рет – 5 АЕК
Қайталанса – 10 АЕК айыппұл
Қаламыздың тазалығы – өз қолымызда! Қоқысты арнайы бөлінген орындарға тастайық. Қоршаған ортаға және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарайық!