Түлкібаста  сүт өндеу цехы ашылады

Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінде қуаттылығы тәулігіне 2,5 тоннаға дейін сүтті өндейтін цех қараша айының соңына дейін іске қосылады.
Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкер Бақытжан Оспанов өз ғимаратын толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн. теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн. теңгесі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің өз есебінен төленді.
Бұл жерде май, қоюландырып стерилизацияланған сүт, құрт, сүзбе, айран және қаймақ өңделіп, «Майтөбе сүт» деген брентпен сауда қатарларына жол тартатын болады.
Қазіргі таңда цехтың электр жүйесін реттеу жұмыстары қалып отыр. Нысан толық іске қосылғаннан соң, бұл жерде 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Аталған кәсіпкерлік нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге барып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады.
Аудан басшысы цех іске қосылғаннан кейін де өндірілген өнімді өткізу және шикізат жинау сынды бағыттағы жұмыстарға әкімдік тарапынан көмек беріліп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарамасы шеңберінде 1 млрд. 246 млн. теңгені құрайтын 189 өтінім мақұлданып, соның 1 млрд. 40 млн. теңгені құрайтын 155 жоба қаржыландырылып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі