Спорт саласы — белгілі ережелерге бағынғанымен, оның аясы кең. Әр адам таңдауына қарай арнайы залда, түрлі мекемелерде, табиғат аясында немесе үй жағдайында спортпен шұғылданады. Түркістан облысында өткен кезекті ауқымды шара табиғат аясында өтетін спорт түрлерін танытуға және белсенді экологиялық туризмді дамытуға бағытталды.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы Түлкібас ауданында «Шекарасыз спорт» тақырыбында мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырды. Мақсаты – туристік кластерді насихаттау, азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу, қоршаған ортаны аялау.
Жеке демалыс аймағында өткен жиынға облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысты.
— Біз бүгін еліміз бойынша ең көне қорықтардың бірі, құрылғанына 97 жыл толған — Ақсу—Жабағылы қорығында жүздесіп отырмыз. Экотуризмді дамыту үшін ең алдымен табиғат жанашырларын тәрбиелеуіміз керек. Бүгін жиналған азаматтардың біршамасы түрлі сенбіліктерге белсене қатысушылар. Қоршаған ортамызды қадірлеу, тазалықты ұстану — үлгі әрекет екенін ұғындырғымыз келеді. Сондай-ақ мәдени және спорттық сайыстарды өткізудің ерекшелігін көрсету маңызды. Экотуризм бағытында былтыр бір жылда 74 мың турист келген болса, биыл 7 айда 101 мың адам Түркістан өңірінің табиғи парктері мен қорықтарында болған. Ендігі кезекте тек облыстық емес, республикалық және халықаралық деңгейде өткізуді қолға алу көзделуде, — деді Әзімхан Серікұлы.
Шараға облыстың белсенді жастары, қоғамның түрлі өкілдері, әлеуметтік желіде жарияланған хабарландыру арқылы тіркелген азаматтар, БАҚ өкілдері жалпы 150-ге жуық адам шақырылды.
Бағдарламаға сәйкес әуелі 30 адамнан топталып, Ақсу—Жабағылы қорығы музейінде табиғат әлемімен, қорықта өсетін өсімдіктер және тіршілік ететін жан-жануарлармен танысты. Мұнан соң, барлығы іс—шараның ашылуына қарай бет алды. Алдымен «Қызыл ай» қоғамдық ұйымы алғашқы медициналық көмек пен қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Кезекті шеберлік сағатында экстремалды спорт түрлері таныстырылып, тақырып тауда немесе жазық далада велоспорт (Mountain bike), жүгірумен айналысудың (Trail run) ерекшелігіне арналды. Одан кейін йога жаттықтырушысы байсалды спорттың әдіс—тәсілдердін көрсетті. Ал, Art терапия мастер—классында сезімдерді сурет арқылы ашуға және адамдарды өнер арқылы емдеуге көмектесетіні, эмоционалды даму құралы ретінде псхологияда қолданылатыны жайлы айтылды.
Әрі қарай қатысушылар бір уақытта өздері қалаған шеберлік сағатына қатысты. Имидж қалыптастыру айдарында Түркістан облысының табиғи қорықтары мен парктері, тарихи орындарының атаулары жазылған «Мен болмаған жерлер» жейделерінде ұяшықтарды белгіледі. Мастер-класстарды арнайы білікті, тәжірибелі мамандар жүргізді.
Бағдарлама тимбилдингпен қорытындыланды. Онда 10–ға жуық командалық ойын ұйымдастырылып, өте тартысты өтті. Қызықты сайыстың нәтижесінде жеңімпаз командалар анықталып, марапатталды. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-і бас директоры Серік Сандыбаев дипломдар мен кубоктарды табыстады.