Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші саммиті 2021 жылдың 12 қарашада Ыстанбұлда өтеді деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігі баспасөз орталығы.
Бұл туралыТүркі кеңесінің бейресми саммиті барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған айтты.
«2016 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның Шолпан ата қаласында Түркі кеңесінің 6-шы саммиті өткен болатын. Сол жиында 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Түркияда өткізу туралы шешім қабылдаған едік. Егер сіздер рұқсат етсеңіздер, бұл ойындарды мына коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырып, 2022 жылы өткізбек ойымызда бар», — деді Түркия Президенті.
Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Түркі кеңесіне мүше елдердің басшыларын Анталия дипломатиялық форумына, ТМЫК-тың 8-ші саммитіне шақырды.
«Анталия дипломатиялық форумы маусым айының ішінде өтеді. Форум түрлі салада пікір алмасу алаңы ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркі кеңесінің 8-ші саммитін 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өткіземіз деп үміттенемін», — деді Түркия басшысы.
Осы ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемнің болашағына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, салмақты пікір айтқан Түркия Президентіне ризашылығын білдірді. «Сіздің еліңіз түркі дүниесін жаңғыртуға және оны заман талабына сай жаңғыртуға орасан зор үлес қосып келе жатқаны белгілі. Қазақстан Сіздің бастамаларыңызды қолдайды», — деді Мемлекет басшысы