Түркістан облысы Полиция департаментінде әр аптаның жұма күні брифинг өткізіледі. Аталған іс-шара ПД-ның «Инстаграм» және «Фейсбук» ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы жүзеге асырылады. Бұл аптадағы брифингте «Адам саудасына қарсы күрес шаралары туралы» кеңінен айтылды. Ал спикер ретінде Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Талғат Бижанов қатысты.Полиция майоры Т.Бижанов өз сөзінде: «Облыс аумағында адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және олардың саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, сондай-ақ әкімдіктердің жанында жұмыс істейтін осыған ұқсас өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты тиісті шаралар жоспарға сәйкес атқарылуда. Осы тұста айта кетер жайт, Түркістан облысының полицейлерімен жыл басынан ҚР ҚК 309-бабы «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық» бойынша 28 дерек тіркелген. Ал қараша айының 22-сі мен 1-желтоқсан аралығында өткізілген «Стоп-трафик» шарасы кезінде ҚК 309-бабымен 1 жайт анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен көзделген қоғамдық орындарда тиісу дерегімен – 22 жайтқа әкімшілік шара көрілді. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 378-бабы 1-бөлігімен іздеуде жүрген 1 әйел құрықталды. Қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде әлеуметтік және өзге де көмек көрсетуге бағытталған нақты профилактикалық шараларды іске асыруды қолға алуда. Облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы, ЖПҚ мен КПБ-мен қарқынды іске асыруда. Пилоттық жобаның жоспарына сәйкес шекаралас орналасқан аудандарында адам саудасына қарсы түсіндірме жұмыстары да ұдайы жүргізілуде»,- деп атап өтті. Түркістан облысы полицейлерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
ТО ПД баспасөз қызметі