Бүгін ҚР ІІМ-нің қолжетімді полиция қағидатын қалыптастыру мен полицияның тұрғындармен кері байланыста болуы үшін тапсырылған тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде брифинг өтті. Ол «Инстаграм» және «Фейсбук» ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы іске асырылды. «Мал ұрлығына қарсы күрес шаралары» тақырыбында өткен брифингтің спикері ТО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковингі Бауыржан Қуатов қатысып, қазіргі таңдағы өзекті мәселе бойынша қалың көпшілікке тиянақты түсіндіріп берді. Жалпы облыс полицейлерімен ағымдағы жылдың басынан бері 2 ай ішінде 8 қылмыстық топ ұсталған. Оның ішінде 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, барымташылардың 19 жайт мал ұрлығына қатыстылығы анықталды. Ұрланған 200-ден астам төрт түліктің 122-сі қайтарылған. 49 мал ұрлығының 23-і қорадан, 26-сы жайылымнан кеткен. Мал жануарларын иесіз жайылымға жіберу және соның салдарынан жеке тұлғаның кез-келген мүлкіне залал келтіру жайты бойынша 2022 жылдың 2 айында облыс көлемінде 1000-нан астам дерек анықталған. Кінәлі құқық бұзушылар, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бері ветеринарлық ілеспе құжатынсыз мал тасымалдаған 99 автокөлік жүргізушілері анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша жинақталған құжаттар тиісті мекемеге жіберілген. Олардың 92-ісіне хаттама толтырылған. Сонымен қатар бүгінгі таңда ТО ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің нұсқауымен мал ұрлығы қылмыстарын болдырмау мақсатында «Түнгі топ» құрылып, жұмыс істеуде. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған топ облыс көлемінде мал ұрлығына тосқауыл қоюмен айналысуда. Брифингтегі спикер полиция подполковнигі Б.Қуатов: «Профилактикалық іс-шаралардың арқасында облысымызда мал ұрлығының тіркелімі 30 пайызға немесе 70-тен 49 дерекке төмендеген. Қылмыстың тіркелімі бізде ауыр және орта дәрежелі деп бөлінеді. Ауыр дәрежелі мал ұрлығының ашылымы 61,8 пайыздан 70 пайызға, ал орта дәрежелі мал ұрлығының ашылымы 33,3 пайыздан 66,7 пайызға жоғарылап отыр. Мәселен наурыз айының 1-і мен 10-ы күндері аралығында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Аталған шара кезінде 18 дерек жоғалған малдар Түркістан облысы ПД ҚАП(б) Б қызметкерлерімен табылып, иелеріне қайтарылды. 4 қылмыстық топ құрықталып, 9 жайт мал ұрлығы қылмыстары ашылды. Оның біреуі бұрын орын алған қылмыс. Осы тұста мал иелеріне келер болсақ, әрбір азамат өз жеке мал мүлкіне қырағы және сақ болып жүруі, оны сақтау үшін қажетті жағдайды жасап, төрт түліктерін қараусыз қалдырмауы, уақытылы сырғалап, таңбалап, құжаттандырып, қоражайын мықтап бекітуі керек. Егер де, малыңыз жоғалса не болмаса ұрланса, бірден 102-ге хабарлаңыз. Не болмаса өз аумағыңыздағы полиция ғимаратына, учаскелік полицияның тірек пунктіне барып, арыз қалдырыңыз. Бастысы жоғалған малды өз еркіңізбен табамын деп уақыт жоғалтып алмаңыз!»-деп атап өтті.Сондай-ақ, брифинг барысында мал ұрлығына байланысты сауалдар келіп түсті. Бұл сұрақтар да полиция подполковнигінің назарынан тыс қалмады, дер кезінде сауатты жауап беріп, желі қолданушыларының алғысын алды.
ТО ПД баспасөз қызметі