Бүгін Түркістан қаласына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова іссапармен келді. Сапар барысында министр Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Президент жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, Әлеуметтік кодекстегі жаңашылдықтар бойынша брифинг өткізді, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда 1 қыркүйектен бері Әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Осы орайда, министр Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.Түркістан облысында 2022 жылдың қазан айынан бастап Отбасылық цифрлық картасы пилоттық режимде енгізіле бастады.
«Қазір «Отбасының цифрлық картасы» дегеніміз не деп сұрап жатқандар бар. Цифрлық картада белгілі бір адамның отбасы туралы, барлық дерек бір жерде тоғыстырылған. Егер отбасы қандайда бір қиындыққа тап болып, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке тиесілі болса, цифрлық карта оны автоматты түрде анықтап, смс-хабарлама жібереді. Бұл қазір елімізде енгізіліп жатыр. Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған, ал Түркістан облысы бойынша 542,4 мыңнан астам отбасы бар. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады», – деді Тамара Дүйсенова.
Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.
Сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік статусына қарай мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көмек проактивті форматта ұсынылады. Биыл 1 қыркүйектен бастап 5 қызмет бойынша жоба пилоттық режимде іске қосылды. 20 мыңнан астам азаматқа СМС арқылы ақпарат жіберілді. 6 мыңға жуық азаматқа проактивті түрде жәрдемақылар тағайындалды. Ал 1 қазаннан бастап тағы 4 жәрдемақы қосылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қызметтердің бәрі Цифрлық карта арқылы көрсетілетін болады.