Төлеби АПБ-нің «102» телефонына 22 мамыр сағат 21:30 шамасында Өрт сөндіру қызметінен «Сайрам-Өгем» аумағында тұрғындардың адасып қалғаны бойынша хабарлама келіп түскен. Аталған хабарлама бойынша аудандық полицейлер тез арада әрекет етіп, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнына Төлеби аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Бексейіт Теңізбаев бастаған учаскелік полиция инспекторлары мен тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құралған жедел-тергеу тобы шықты. Іздеу жұмысына Төтенше жағдай қызметі мен Сайрам-Өгем паркінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары адасқан жігіттердің баруы мүмкін деген жерлер мен олар бағыт алған аймаққа қарай бөлініп, іздестіру жұмыстарын атқарды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, түні бойы ой-шұқыры көп тауда іздестіріп, қызмет етті. Нәтижесінде 5-6 сағат аралығында полицейлер, төтеншеліктер мен парк қызметкерлері бірлесіп, 4 жігітті де Құлыншақты таулы шатқалынан тапты. Содан іздеу тобы таң атысымен жоғалғандарды төменге аман-есен түсіріп, құтқарып қалды. Тексеру барысында жас жігіттер тауға демалу үшін келгендерін, алайда аура райының қолайсыз болып, тұман түсуі салдарынан адасып кеткендерін айтты. Жігіттердің барлығы Шымкент қаласының тұрғындары. Нақтырақ айтсақ, 6 бірдей жас жігіт 21 мамыр күні таңғы сағат 06:00 шамасында тау шатқалында орналасқан Сусіңген көліне бару үшін тау асып, биікке өрлеген. Содан діттеген жерлеріне жетіп түнеп, ертесіне түскі 12:00-лер шамасында артқа қайтпақ болған. Осы сәтте 6 жігіттің төртеуі бағытынан адасып, біреуі құзырлы органдарға хабарласып, жәрдем сұраған. Өз кезегінде жас жігіттер: «Бізді іздеп, тапқан барша полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға рақмет! Алла разы болсын!»-деп алғыстарын білдірді. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өзіңізге белгісіз аймаққа бармауды, ауа-райы өзгеріп тұрған уақытта таулы мекендерге демалысқа шықпауды ескертеді. Бұл сіздің өміріңіз үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, барынша сақ болыңыз!
Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі