Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында, 6-сәуір «Тергеу органдарының қызметкерлері» күніне орай салтанатты шара өтті. Іс-шарада жыл бойы өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген тергеу саласының кіл мықтылары марапатталды. Жиынның алғашқы сөзін алған Түркістан облысы Полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов: «Құрметті тергеушілер, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Тергеу саласы — ішкі істер органындағы ең маңызды, әрі асқан жауапкершілікті талап ететін сала. Ал сіздер осы сенімді ақтап, жүйелі жұмыс жүргізіп келесіздер. Яғни, арыз-шағым түскен сәттен бастап, қылмыстық істі соңына жеткізуде аянбайсыздар. Қылмыскерлерді құрықтауда мінсіз қызмет атқарасыздар. Қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, заңды шешім қабылдайсыздар. Соның нәтижесінде бүгінде, бірқатар мықты тергеушілер әділдіктің ақ туын көтеріп жүргені үшін жәбірленушілердің алғысын алып отыр. Сондықтан да ішкі істер саласын өздеріңіздей кәсіби біліктілігі мол тергеушілерсіз елестету мүмкін емес. Ал бұл салада қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың орны тіптен бөлек. Олар, қылмыстардың ашылуында ерлермен бірдей иық тіресіп еңбек етуде. Сіздерге тілерім, барлық істеріңіз сәтті аяқталып, қылмыстар дер кезінде ашылсын. Отбастарыңызға аман болсын!» — деп құттықтау сөзін арнады. Одан әрі мерекелік шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Бірінші өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «ҚР ІІМ Грамотасымен», полиция подполковнигі Талғат Абуов, полиция майоры Жалғасхан Оразбаев, полиция майоры Динара Сейдалиева, полиция майоры Ержан Зияханов марапатталды. Сондай-ақ «ҚР ІІМ Алғыс хатымен» полиция аға лейтенанты Мадина Тастанбекова, полиция майоры Жайық Айғазиев, полиция капитаны Хикматилло Әлімқұлов марапатталып, осы бұйрықпен 3 қызметкерге Алғыс жарияланды. Ал ТО ПД-нің Грамотасы, Алғыс хатымен 26 полиция қызметкері марапатталса, осы бұйрықтың негізінде 12 қызметкерге Алғыс жарияланды. Іс-шара соңында ТО ПД Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасовқа сөз алып: «Тергеушілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап жатқаныңызға үлкен рақмет! Құрметті әріптестер, Сіздер ағымдағы жылдың 3 айында жоғарғы дәрежеде қызмет еттіңіздер. Сол үшін алғыс білдіремін. Алған грамоталарыңыз позитивті серпіліс беріп, алдағы уақытта да биіктен көрінуге сеп болсын!»- деді. Өз кезегінде марапатталғандар, еңбектері еленгені үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасына қызмет ететіндіктерін жеткізді.
ТО ПД баспасөз қызметі