Түркістан облысында соңғы жылдары қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту және тұрғындарға сапалы, қауіпсіз көлік қызметін ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл бастама өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға және көлік жүйесінің тиімділігін көтеруге бағытталған.
Мақтаарал ауданы тұрғындары үшін қоғамдық көліктер – күнделікті тұрмыстың маңызды бөлігі. Ауданның халық тығыз орналасқан елді мекендерін өзара байланыстыратын бағыттардың бірі – «Мырзакент – Атакент – Мырзакент» маршруты болып саналады. Бұл бағытта 2021 жылдың 1 маусымынан бастап тасымалдаушы мердігер «SAR avto» ЖШС-гі тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.
Дегенмен, осы уақытқа дейін қызмет көрсеткен қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы мен жайлылығы заманауи талаптарға толықтай сай болмағаны белгілі. Бұл мәселе аудан әкімдігі тарапынан назардан тыс қалмады. Аудан әкімі Бахыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз көлік қызметін ұсыну мақсатында қоғамдық көлік паркін жаңарту бойынша нақты шаралар қолға алынды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысына сәйкес, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының жеңілдетілген лизингтік қаржыландыруы арқылы «SAR avto» ЖШС-не 7 жыл мерзімге жаңа техника сатып алуға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, ауданға отандық өндірістен шыққан, заманауи талаптарға сай жабдықталған, Семей автозаводында құрастырылған ГАЗель НЕКСТ маркалы 4 дана жаңа микроавтобус жеткізілді.
Бүгін аудан әкімі міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаевтар жаңадан келген қоғамдық көліктердің ішін арнайы қарап шығып, көліктің кілттерін жүргізушілеріне табыстады. Бұл көліктер – заманауи кондиционерлік жүйемен жабдықталған, жолаушылар үшін ыңғайлы орындықтармен, қауіпсіздік белдіктерімен және сапалы желдету жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бұл көліктердің экологиялық тазалығы мен отын үнемдеуші сипаттары да артықшылықтардың бірі болып саналады.
Аудан әкімдігі мен мердігер компания тығыз ынтымақтастығының арқасында жүзеге асқан бұл жоба – Мақтаарал тұрғындарының өмір сапасын арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Жаңартылған көліктер өз бағыты бойынша кестеге сәйкес күнделікті қатынап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін болады. Бұл – ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделген әлеуметтік бағыттағы саясаттың нақты көрінісі
Сонымен қатар Жетісай ауданында жаңа қоғамдық көліктер ел игілігіне берілді. Мақсат – заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою, жол жүру ережелерін сақтау, такси тұрақжайларды реттеу, ауданішілік және ауданаралық, қалааралық бағыттарда жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктер мен жеке такси жүргізушілерінің көліктерінің техникалық қауіпсіздігі, жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау. Осы бағытта Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес бүгін заманауи 14 шағын автобустың кілті табысталды.
Аудан аумағында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «SAR avto» ЖШС арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы елді мекен тұрғындарының аудан орталығына қатынауын оңтайландыру мақсатында 10 бағыт бойынша қоғамдық көліктер санын арттырып отыр.
Қоғамдық көлік – қала тұрғындарының күнделікті өмірінде маңызды рөл атқаратын қызмет түрі. Сондықтан оны жаңарту мен дамыту – әлеуметтік маңызы зор мәселе. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар – өңірдің көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдар. Бұл бастамалар алдағы уақытта өңір тұрғындарының көлік қызметіне деген сенімін арттырып, олардың өмір сапасын жақсартады.