Түркістан облысының полиция қызметкерлері табиғатты қорғау полициясының инспекторларымен бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік жұмыстарды жүргізіп тұрады. Соның нәтижесінде Арыс АПБ-ның кезекші бөліміне балық инспекциясы қызметкерінен Арыс ауданына қарасты аумақтағы Көксарай су қоймасынан заңсыз балық аулағандар жайлы хабарлама түседі.Осылайша оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері Көксарай су қоймасынан тормен балық аулаған екі күдіктіні анықтады. Айғақты зат ретінде 1 дана қайық пен балық аулауға арналған тор және 100 келіден астам ақсыла (жерех) балығы алынды. Күдікті азаматтардың екеуі де Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабымен «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жою заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады. Егерде, сіз, осы секілді қылмыстардың, оқиғалардың куәсі болсаңыз міндетті түрде 102-ге хабар беріңіз. Бұл өз уақытында полицейлердің қылмыскерді ізін суытпай ұстауға көмегін тигізеді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі