Түлкібастық полицейлер өзгелерге үлгі боларлық, мән-маңызы жоғары іс-шара ұйымдастырып, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алып, болдырмау мақсатында келелі кездесу өткізді. Жиында тәртіп сақшылары колледж студенттерімен тілдесіп, қылмыссыз қоғам орнатуға қатысты әңгімелер өрбітті. Іс-шара барысында, Түлкібас АПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының инспекторлары және колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәурен Үсембаев, Түлкібас АПБ УҰИ бастығы полиция майоры Руслан Бектемір де қатысып студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің ел тыныштығы жолында атқарып жатқан жұмыстарына қолдау білдіріп, қандай да бір тәртіпсіздік, теріс қылық жасамауға кеңес берді. Ең бастысы әрбір ата-ана мен ұл-қыздары арасында тығыз байланыс болу керектігі түсіндірілді. Кез келген әке-шеше перзенттерінің араласатын ортасын білуі керектігі айтылды. Оған қоса, студенттерге полиция бөлімінде орналасқан уақытша ұстау изоляторы көрсетілді. Мұндағы мақсат — құқық бұзып, заңға қайшы әрекеттер істеп, қылмыс жасаған азаматтардың қамауға алынатынын ұғындыру. Жасөспірімдерді барынша жаманнан жирендіру, жақсыға баулу болып табылады. Өз кезегінде ұлт болашағы жастардың тәрбиесіне алаңдаушылық танытқан полицейлерге, студенттер мен мұғалімдер алғыстарын білдірді. Жалпы түлкібастық тәртіп сақшылары бұл бағыттағы жұмыстар үнемі өткізіліп тұратынын жеткізді.
ТО ПД баспасөз қызметі