Түркістан түрленіп келеді

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының кезекті мәжілісінде елді мекендердің өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ауылды жерлерге мәдениет үйлерін және кітапханалар салу сондай-ақ күрделі жөндеуден өткізу, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, облыс бойынша жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының барысы оның ішінде жайылым жер тапшылығы, ұялы байланыс және интернет желісінің сапасы, оны зерделеу жұмыстарының қорытындысы жөнінде жалпы 4 мәселе талқыланды.

         Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, фракция мүшелері, жауапты басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаев Түркістан облысының аудандарында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 14 мәдениет үйі мен кітапхана құрылысының басталғанын айта келе:

«Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша халықтың әлемдік және отандық мәдениет туындыларына қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде ірілі-ұсақты 22 мыңға жуық іс-шара өтті. Биыл мамыр айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі өтіп, Түркістан облысы 2022 жылғы «Рухани өлке» статусына ие болды. Сондай-ақ облыс аумағындағы кітапханалардың қоры 35 677 жаңа кітаппен толығып, жалпы қор 6 млн. 31 мың данадан асты», — деді.

         Сонымен қатар, биыл мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай облыстық ғылыми-әмбебап «Фараб» кітапханасында «Ақиық азамат!» атты апталық өтіп жатқанын хабарлады. Аталмыш шара 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Шара шеңберінде ұлт жанашырының әдебиеттері мен баспасөз беттеріндегі мақалаларына шолу жасалып, кеңінен насихатталмақ. Мәжіліс барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілегеннің баяндамасы тыңдалып, фракция мүшелері елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Өткен 2021 жылыжерлерді қайтарудағы негізгі басымдық жайылым өте тапшы 133 елді мекенге берілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 135 мың гектар жайылым жер ауыл әкімшіліктерінің теңгеріліміне бекітілген.       Фракция жетекшісінің айтуынша жайылым жерлерді кеңейту және оларды қайтару мақсатында облыстық партия филиалы жанындағы «ЖерАманаты» комиссиясы және жауапты орындармен бірлесіп өңірде ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Екі бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әзірге 521,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаев өз баяндамасында биыл аймақтағы 152 елді мекендегі мобильді интернет сапасын арттыру мақсатында базалық станция іске қосу жоспарымен бөлісті. Қазірдің өзінде 51 елді мекенге жаңа базалық станция іске қосылған. Қалған 101 ауылдағы интернет сапасын арттыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Дегенмен, фракция мүшелері облыс аумағындағы, әсіресе қала сыртындағы интернет сапасы сын көтермейтінін білдіріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек те атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жиын қатысушыларының сұрақтарына жауап берді. Фракция мәжілісінде қаралған мәселелер, көтерілген сауалдар бойынша қаулы қабылданып, сессияның қарауына ұсынылды.

Ntime.kz