Түркістан қаласында 110/35/10 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады. Жобаның маңыздылығына ерекше назар аудара отырып, әкім электр қуатының тапшылығын жою мақсатында қолға алынған шараларды атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында электр қуатының қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін атап өтті. Жалпы, елімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп отырғаны жасырын емес. Облыс аумағында ауқымды өндіріс орындарын ашуда электр энергиясы тапшылығының өз кедергісі бар. Енді біз оны шешу үшін маңызды жобаларды жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар облыста жоғары кернеулі қосалқы станциялардың құрылысы жүргізілуде. Бүгін біз 110 киловольттық «Солтүстік» қосалқы станцияның ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Осы станция арқылы «Түркістан» индустриалды аймағында шоғырланған өнеркәсіптік нысандары сапалы электр энергиясымен қамтылады. Жобаны іске асыруда отандық өндірушілердің материалдары мен жабдықтары қолданылды. Сонымен қатар облыстағы индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде ұсыныс қолдау тауып, бүгінгі таңда тариф бағасы 47 теңгеден 25 теңгеге түсті. Бұл – өндірісті дамытуға серпін береді. Аталған қосалқы станцияларды іске қосу арқылы энергия тапшылығынан құтылуға жол ашылады. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Өндірісіміз өркендеп, өңіріміз дами берсін!», – деді Дархан Сатыбалды.
«Солтүстік» қосалқы станциясының құрылысы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының тапсырысымен жүзеге асты. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы «Карэлектроспецстрой» ЖШС-мен басталды. Жобаның жалпы құны 6,4 миллиард теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңінде 40 жаңа жұмыс орны ашылды, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін тағы 5 жұмыс орны пайда болады.
Станцияның 110 кВ электр желілерінің ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Жобаның ерекшелігіне сәйкес, қуаттылығы 2 дана 25 МВА трансформатор, 2 дана элегазды оқшаулауы бар толық тарату құрылғысы (КРУЭ) және басқа да қажетті жабдықтар қарастырылған. Бұл жаңа қосалқы станция Түркістан облысында индустриалды және еркін экономикалық аймақтардағы кәсіпорындарға тұрақты электр энергиясын қамтамасыз ететін болады.
Облыстағы энергия тапшылығын шешуге бағытталған шаралар қатарында Сайрамда 1000 МВт бу-газ станциясының, Түлкібаста 320 МВт және Кентауда 240 МВт газ турбина станциялары, Сауран ауданында 300 МВт күн электр станцияларының жобалары іске асырылып жатыр. Жоғары кернеулі 110 киловольттық қосалқы станциялардың құрылысы да белсенді түрде жүріп жатыр.
Бұл жобалар толық жүзеге асқанда, жаңа өндірістік қуат көздерін ашуға қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түркістан облысының дамуына серпін беретін мұндай жобалар өңір экономикасын нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға үлес қосады.