Түркістан тағы да әлемдік деңгейдегі бірегей шаралардың алаңына айналды. Қасиетті шаһарға 19 елден келген әйгілі қолөнер шеберлері мен сарапшылар жиналып, Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге паш етті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Түркістанға Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін беру, сондай-ақ қазақтың қолөнер дәстүрлерін жаңғыртып, халықаралық деңгейде танымал ету. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар үшін бұл жиын, тек мәдениет алмасу ғана емес, өзара тәжірибе бөлісу және қазақтың бай мұрасына терең үңілу мүмкіндігі болды.
Бұл іс-шара Әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымының (WCC International) президенті Саад Каддумидің бастамасымен ұйымдастырылып, оған әлемнің әр түкпірінен келген қолөнер шеберлері қатысты. Атап айтқанда, Австралия, АҚШ, Иран, Қытай, Малайзия, Шри-Ланка, Бангладеш және Орта Азия елдерінен келген шеберлер қазақтың бай мәдениетімен танысып, өзара тәжірибе алмасты.
Шара аясында Түркістанның қолөнершілері өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ, олар үшін маңызды жаңалық – Түркістанға Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін беру талқыланды. Бұл мәртебе қаланың халықаралық аренадағы беделін арттырып, оның туристік және мәдени орталық ретіндегі рөлін одан әрі нығайтады.
Қазірдің өзінде Түркістанда қолөнершілерді қолдауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асуда. Қалада жұмыс істейтін «Turkistan Qol oner одағы» қоғамдық бірлестігінде 115 қолөнер шебері тіркелген. Сонымен қатар, қалада «Қолөнершілер қалашығы» туристік кешенінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Бұл кешеннің жалпы аумағы 2,56 гектарды қамтиды және онда көрме залдары, шығыс базары, мейрамханалар, қонақ үй және саялы бақ орналасады. Кешеннің толық құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Іс-шара барысында қонақтар Түркістан қаласындағы жас қолөнершілердің жетістіктерімен де танысты. Қаладағы қолөнер мектебінде 475 оқушы ұлттық өнерді меңгеріп, бабалардың мұрасын жалғастыруда. Бұл мектептегі «Шебер және шәкірт» бағдарламасы аясында тәжірибелі қолөнершілер жас шеберлерге өз өнерлерін үйретіп, олардың шығармашылық дамуына үлес қосып келеді. Жас ұрпақты өнерге баулу – еліміздің мәдени мұрасын сақтаудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады.
Шетелден келген қонақтар Түркістан қаласының рухани-мәдени орталықтарын аралап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, оның сәулет ерекшеліктерімен танысты. Бұл нысан – тек Түркістанның емес, бүкіл Орталық Азияның мәдени мұрасы. Кесененің құрылыс тарихы мен ерекше архитектурасы шетелдік қолөнершілерді ерекше әсерге бөлеп, қаланың туристік әлеуетін жоғары бағалады.
Түркістанның қолөнершілері де әлемдік деңгейде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 2023 жылы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен қаланың қолөнершілері Самарқанд пен Ферғанаға сапар жасап, өзбек шеберлерімен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, Әзербайжанда өткен «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысып, қазақтың ұлттық қолөнерін әлемге танытты. Бұл шаралар қаланың қолөнершілерінің кәсіби шеберлігін арттыруға және халықаралық аренада олардың беделін көтеруге үлкен ықпал етті.
2024 жылы Қазақстанның туризмі жылы Қытайда атап өтіледі. Осыған байланысты Бейжіңде өткен іс-шараларға да Түркістанның қолөнершілері белсенді түрде қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Қытайлық көрермендердің қызығушылығы үлкен болды, бұл Түркістанның мәдениетін әлемге танытуға тағы бір қадам болмақ.
Әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымының президенті Саад әл-Қаддуми Түркістанның қолөнершілеріне ризашылығын білдіріп, олардың жоғары шеберлігін атап өтті. Түркістанның өзіне тән мәдени ерекшелігі және қолөнершілердің бірегей қолтаңбасы әлемдік деңгейде мойындалды. Түркістан қаласы болашақта да қолөнер мен мәдениет орталығы ретінде дамып, өзінің рухани-мәдени байлығын бүкіл әлемге паш ете бермек.
Түркістанның қолөнер қаласы мәртебесіне ие болуы – өңірдің мәдени және туристік әлеуетін арттырып, халықаралық аренада еліміздің абыройын көтеретін маңызды қадам.