Түркістан қаласында кассадан 10 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған кассир әйел анықталды, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтар болсақ, Түркістан қаласының Полиция басқармасына жергілікті кәсіпкер тұрғын арызданып хабарласқан. Шағымданушының сөзінше, оның кассадағы қызметкерімен есептесу кезінде 10 миллион теңгеге жуық ақша кем болып шыққан.
Содан жәбірленуші оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Тәртіп сақшылары ақпарат келіп түскен сәттен бастап бірден іске кірісіп, оқиға болған жерге дер кезінде жетті. Олар қаражаттың қайда кеткенін анықтау үшін қажетті жұмыстарды атқарды. Мән-жайды саралады.
Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті адам анықталды. Ол жергілікті тұрғын әйел болып шықты.
Анықталғандай, сезікті әйел жеке кәсіпкерлік орталықта кассир операторы болып жұмыс істеген.
Күдікті кассадан 5 миллион теңгені жымқырған, арада біраз күн өткен соң тағы да 5 миллион теңгеге жуық ақшаны білдірмей заңсыз иемденген. Күдікті әйел алған ақшаның барлығын өзінің жеке бас пайдасына жұмсаған.
Сонымен қатар, аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті емденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістандық полиция қызметкерлері тұрғындарды жеке мүліктеріне абай болуға және оған ұқыптылықпен қарауға шақырады. Сондай-ақ, бөттеннің затына қол сұғу заңсыздыққа апаратынын қатаң түрде ескертеді. Заңсыз әрекеттерге куә болсаңыздар полицияның «102» байланыс телефон нөміріне шұғыл хабарласыңыздар! Қылмыстың соңы – жаза!