Түркістанда 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарында болды. Тұрғын үй кешені мен әкімшілік ғимараттар бірге орналасқан 20 қабатты екі тұрғын үй құрылысының жұмыс барысымен танысты. Каскадты өру үлгісінде салынған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды. Құрылысшылармен кездескен облыс басшысы құрылыс барысына оң бағасын берді. Облыс бойынша жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 17,7%-ға артты. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді. Облыс құрылғаннан бері құрылыс саласы едәуір дамып, оның көлемі өткен жылдың қорытындысымен 2,3 есеге артып, 322,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде жоспарлануда. Бүгінгі таңға, Түркістан облысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға, мұқтаж азаматтар кезегінде 49 831 отбасы тіркелген. 2021 жылдың қорытындысымен облыс бойынша 1670 отбасы, ал ағымдағы жылдың 6 ай қорытындысымен 411 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау тетігі немесе тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның талаптарына сәйкес, тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайызы субсидиялауға жатады. Қалған жалдау ақысының 50 пайызы жалға алушының атына ашылған «Отбасы банк» АҚ — ның есепшотында болуы міңдетті. Облыста тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау алғаш рет жүргізілуде. Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асырылуда. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 500 млн. теңге қаралып, бүгінгі таңға «Отбасы банк» АҚ бірге келісім-шарт түзілді.
Ntime.kz