Түркістандағы киім дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған жас әйел анықталды, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселені нақтырақ айтар болсақ, Түркістан қалалық Полиция басқармасына облыс орталығындағы киім сататын дүкендердің бірінен арыз келіп түскен. Онда жәбірленуші тарап, дүкеннен белгісіз біреу киім ұрлағандығын хабарлап шағымданды. Ол жәбірленушіге 60 000 теңгеден астам көлемде шығын келтіргенін жеткізген. Орын алған жерден ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түркістандық тәжірибелі полицейлер бірден іске кірісіп, іздестіру жұмыстарын бастады. Олар көрген-білгендерден жауап алып, сондай-ақ, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Жақын аумақтарды мұқият тексеріп шықты. Полицейлердің тындырымды тірліктері мен қырағылығының нәтижесінде күдікті дер кезінде анықталды. Ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Күдікті жергілікті тұрғын, жас әйел болып шықты. Аталған жайтты полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Анықталғандай, күдікті әйел дүкенге сатып алушы ретінде келген. Содан өзіне ұнаған бірнеше жаңа киімдер мен сөмкеге көзі түскен. Сондай-ақ, ешкімге білдіртпестен сөмкесіне салып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицейлер ұрланған заттарды күдіктіден айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды заттарыңызға мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ, ұрлық әрекетінен, өзгенің затына қол сұғушылықтан бас тартуды және ұрлық әрекетіне бару заң алдында қаралатынын қатаң түрде ескертеді. Ұрлық түбі – қорлық! Ұрлық әрекетінен бас тартыңыздар!