Түркістан қаласында облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған «Қазыналы керуен-2024» акциясы өтті. Бұл шараның мақсаты – әдебиетті насихаттап, аудандық әріптестік байланысты нығайту. Акция аясында Түркістан қаласының «Фараб» кітапханасында өткен іс-шараға Төлеби, Сайрам және Түлкібас аудандары қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашылар әр дәуірдің тұлғаларын таныстыру мақсатында «Сақ патшайымы – Томирис», «Қазақ хандығы. Абылай Хан», «Алаш зиялылары», «Тұрар. Тарих. Тұлға» тақырыптары бойынша сахналық қойылымдар қойды. Бұл қойылымдар Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғаларды, олардың өмірі мен қызметін, қазақ халқының мәдениетіне қосқан үлесін көрсетіп, аудиторияның тарихи білімін кеңейтуге бағытталды.
«Әдеби композиция» атты бірінші кезеңде облысымыздан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларынан көрініс көрсетілді. Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Туған жерім тұғырым» тақырыбында әдеби композиция ұсынды. Ал Төлеби аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Төлебидің ғажайып өрнектері», Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Шырайлы – Шұбарқызылым» атты шығармашылық композицияларын көрермен назарына ұсынды.
Шара барысында Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген Мәрсәлі Кеңес, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, еңбек ардагері Пәйзіұлы Хамза, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, және әдістемелік-инновациялық қызмет бөлімінің меңгерушісі Дана Байдаулетова қорытынды сөз сөйлеп, акцияның оқырманға берері мен танымдық тұстары жайында ойларын ортаға салды. Олар жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, тарихи тұлғаларды таныту, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы шараның маңыздылығын атап өтті.
Аталған акцияның жыл соңында әдеби финалда қорытындылануы жоспарлануда. Мұндай іс-шаралар әдебиетті дамыту, мәдениетті насихаттау, сонымен қатар жастар мен қоғамның рухани дамуына зор үлес қосады. Түркістан облысының мәдениеті мен әдебиетін көтеруге бағытталған бұл акция, сөзсіз, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, қазақ әдебиетінің қадір-қасиетін арттыруға, және тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған.
Түркістан қаласында өткен «Қазыналы керуен-2024» акциясы – әдебиет пен тарихты ұштастыра отырып, қоғамды рухани байытудың жарқын үлгісі. Шараның маңыздылығы мен артықшылықтары, әрине, көпшілікке таныту мен насихаттаудың ең жақсы тәсілдерінің бірі.