Түркістанда полицейлер дәріханадан ұялы телефон ұрлаған күдіктіні анықтады, деп хабарлайды ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан қалалық Полиция Басқармасының мәліметінше, полицияға жергілікті тұрғынның тарапынан арыз түскен. Онда жәбірленуші бойжеткен өзінің жұмыс істейтін дәріханасында тұрған «Айфон 13» маркалы ұялы телефонын белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 450 000 теңгені құрады. Тәртіп сақшылары аталған жайтты саралай келе Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.
Хабар алысымен қырағы полицейлер тобы жедел әрекет етіп, ұрлық болған дәріханаға бағыт алды. Дәріхана иесі, жәбірленуші бойжеткен, басқа да көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Нәтижесінде тәулік ішінде күдіктіні тұрғылықты мекенжайы арқылы анықтады. Ол жергілікті тұрғын, ер азамат болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті дәрі алу мақсатында дәріханаға кірген. Содан соң қараусыз тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жанында адамдардың жоқтығын пайдаланып, білдіртпестен телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазір күдіктіден қолды болған ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, меншік заңды иесіне қайтарылды.
Сондай-ақ, өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен, асқан жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады. Сонымен қатар, өзгенің меншігіне көз тігіп, ұрлық тәуекелдеріне бармауға шақырады. Ұрлық түбі – қорлық!