Түркістан қаласының тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге арналған “1310” Бірыңғай байланыс орталығы соңғы бір жыл ішінде 15 404 қоңырау қабылдап, азаматтардың өтініштерін өңдеуде жоғары көрсеткішке жетті. Қала тұрғындарының сұраныстарын уақытылы қарастырып, тиісті мекемелерге жолдау арқылы орталық халықпен тиімді байланыс орнатып, қызмет көрсету сапасын арттыруда.
Бұл байланыс орталығы коммуналдық, әлеуметтік, және туристік бағыттарды қамти отырып, қаланың алты секторының жұмысын үйлестіруге жауапты. Түркістан қаласындағы кез келген тұрғын «1310» қысқа нөмірі арқылы орталыққа хабарласып, өз мәселелерін жеткізе алады. Орталыққа келіп түскен барлық өтініштер арнайы жүйеге енгізіліп, өңделеді және жауапты мекемелерге бағытталады. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде тұрғындардың өтініштері уақытында қарастырылып, көптеген мәселелер шешімін тауып отыр.
Орталықтың жұмысы 10 оператор және 7 инспектордың қажырлы еңбегімен атқарылуда. Мамандар қоңырауларды тәулік бойы қабылдайды, олар күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Әрбір қоңырау арнайы бағдарламалық жүйеге тіркеліп, әрі қарай жауапты мекемелерге жіберіледі. Орталық қызметкерлері өздерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында тұрақты түрде курстардан өтіп тұрады, бұл олардың тұрғындармен тиімді қарым-қатынас жасауына септігін тигізеді.
Тұрғындар байланыс орталығына тек қана телефон арқылы емес, сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы да өтініштерін жолдай алады. Орталықтың Instagram, WhatsApp, Facebook секілді танымал платформалардағы парақшалары арқылы тұрғындардың өтініштері қабылданады. Бұл қызмет Түркістан қаласының тұрғындарына барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Бір жыл ішінде орталық 15 404 қоңырау қабылдап, оның ішінде 15 370 өтініш мерзімінде орындалған. Қалған өтініштер жұмыс барысында тұр. Бұл көрсеткіш орталықтың тиімді жұмыс істейтінін және тұрғындар сенімін ақтайтынын айғақтайды. Орталық қала тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын жүйелі түрде жинап, олардың орындалуын қадағалап отыр.
Сонымен қатар, қала тұрғындары өздерінің креативті идеяларын да осы байланыс орталығына жолдай алады. Түркістан қаласының дамуына қатысты ұсыныстарды қабылдап, оларды қаланың көркеюіне бағыттайтын жобалар ретінде қарастырады. Бұл орталықтың басты мақсаты – тек қана өтініштерді қабылдап, мәселені шешу емес, сонымен қатар, қала өмірін жақсартуға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды қолдау.
Қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін, сондай-ақ қаланың инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экономикалық дамуын жеделдету үшін “1310” байланыс орталығы маңызды рөл атқаруда. Түркістанның өркендеуіне үлес қосып жүрген бұл орталық, халық пен әкімдік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындар сеніміне ие болды. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындар мәселесін уақытында қарастырып, оларға сапалы қызмет көрсету, әрі қала тұрғындарының белсенді түрде ұсыныс жасауына жағдай жасау.