Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртқа жақын полиция қағидаты бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында еліміздің барша полицейлерінің қатысуымен шаралар ұйымдастырылып өтуде. Соның ішінде кадр мәселесі, басшылардың білім-біліктіліктерін арттыру, тәжірибелерін жетілдіру үшін де бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Осындай шараның бірі ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында қолға алынды. Онда әр өңірден жиналған полиция басшылары кезең кезеңімен дәрістер алып, өздерінің біліктіліктерін арттырып, сынақтардан өтті. Киелі өңірден аталмыш шараға Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы полиция полковнигі Бауыржан Селтанов қатысты. Полиция қызметкерінің қандай болу керектігін сайыста, іс-шара мен дебатта көрсеткен Б.Селтанов комиссия қорытындысының шешімімен жеңімпаз деп танылды. Үздік тәртіп сақшысын ҚР ІІМ полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев марапаттады. Министр полиция полковнигі Бауыржан Селтановқа турнир кубогын табыс ете отырып, еліміздің қай өңірінде болса да өзінің тәртіп сақшысы екенін ұмытпай, қылмыстың азаюына үлес қоса беретініне сенім білдірді.
ТО ПД баспасөз қызметі