Шымкент қаласында «Грэпплинг» сайысынан ересектер арасында Қазақстан Республикасының Кубогі өткізілді. Аталған спорттық сайысқа Түркістан облысы Полиция департаментінің Оқу-жаттығу взводының инспекторлары полиция капитаны Жәнібек Айдарбек пен полиция аға лейтенанты Жолдасбек Ануаров арнайы жіберілді. Кіл мықтылар бақ сынаған сайыста Түркістандық полицейлер айқын басымдықпен жеңіске жетті. Нақтырақ айтсақ, 83 және 91 келіде сайысқа түскен полицейлер жүлделі 3-орынды иеленді.Үздік үштіктің қатарынан көрінген тәртіп сақшыларына грамота мен медальдар табыс етілді. Ел мен жердің қауіпсіздігін күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстайтын, жалпы түрлі қылмыстарды болдырмай, алдын алу үшін аянбай тер төгетін полиция қызметкерлері осындай спорттық сайыстар арқылы үнемі физикалық күштерін сынап, тәжірибелерін арттырып отырады. Аталмыш сайыста жүлделі орынға ие болған полиция қызметкерлерінің бірі полиция капитаны Жәнібек Айдарбек 2010 жылдан бері «Самбо» күресімен айналысып келеді. Өз күшін спорт саласында сынап жүрген полицей, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылы Азия чемпионы атағын алған. Ал Жолдасбек Ануаров өз қызметін 2014 жылы Оқу-жаттығу взводының инспекторы қызметінен бастап, осы жылдан бері спорттың «Еркін күрес» түрімен шұғылданып келеді. Жауапкершілігі мол, жұмысымен қоса салауатты өмір салтын қатар алып жүрген полицей 2016 жылы Қостанай қаласында өткен «Самбо» күресінен Қазақстан чемпионы атанған. Алдағы уақытта қос спортшы полицейдің биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспіз.
ТО ПД баспасөз қызметі