Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздегі құрылыс қарқыны ең жоғары өңірлердің біріне айналды. Облыс аумағында тұрғын үй құрылысы үш еседен астам өсті. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды рөл атқаруда.
Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтаған емес. 7 жылда құрылыс көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 140 млрд. теңгені құраған еді. Оның ішінде, жергілікті халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы уақыт аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы 388 мың шаршы метр пайдалануға берілген болатын.
Түркістан облысы құрылғалы бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал, жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды.
Жыл басынан бері өңірде 306,1 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.
Тұрғын үй құрылысының артуы өңір халқының баспана жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі көші-қонды тұрақтандыруға септігін тигізуде. Сонымен қатар, Түркістан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа шағын аудандар, инфрақұрылым нысандары және әлеуметтік объектілер бой көтеруде.
Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздегі ең қарқынды дамып жатқан өңірлердің біріне айналды. Тұрғын үй құрылысы саласындағы өсім – осы дамудың айқын көрсеткіші. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, өңір тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етпек.