Тұрғындар таза ауада тынығатын болады

Тұрғындар таза ауада

Қала тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында Қаратау ауданында жаңа гүлзар мен заманауи спорт алаңдары ашылуда. Бұл — қала әкімдігінің «Таза қала – жайлы орта» бастамасы аясында жүзеге асып жатқан ауқымды абаттандыру жобасының бір бөлігі.

Шымкент қаласы, Қаратау ауданының көркіне көрік қосқан Шапырашты тұрғын алабында қуанышты жаңалық орын алды. Аудан тұрғындарының көптен күткен арманы орындалып, демалыс пен салауатты өмір салтын ұстануға арналған жаңа гүлзар мен заманауи спорт алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл нысандардың пайда болуы “Халық қатысатын бюджет” және «Таза Қазақстан» бағдарламасының жемісі екендігін айта кету керек. Бағдарлама аясында тұрғындардың тікелей қатысуымен таңдалған жобалар жүзеге асырылып, қаланың әрбір тұрғынының үні естіледі. Жаңа нысандар құрылысы барысында барлық қауіпсіздік және сапа талаптары қатаң сақталған.

Жобаның басты мақсаты – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.

Салтанатты іс-шараға жергілікті тұрғындармен қатар қаламыздың зиялы қауым өкілдері де қатысып, жаңа нысандардың пайдалануға берілуін оң бағалады. Ашылған гүлзар заманауи талаптарға сай жобаланып, келушілерге ыңғайлы етіп салынған. Мұнда:

сәндік ағаштар мен гүлдер отырғызылды, жарық шамдары мен орындықтар орнатылды, балалар мен қарттарға арналған тынығу аймақтары қарастырылған.

Сонымен қатар бірнеше елді мекенде көпфункционалды спорт алаңдары ашылып, жастар мен балаларға арналған:

мини-футбол,баскетбол,жаттығу құрылғылары (воркаут),

жүгіру жолағы сияқты инфрақұрылымдар орнатылды.

Бұл алаңдар резеңке жабындымен жабдықталып, қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді.

Балалар енді бос уақытын телефон қарап емес, аулада ойнап өткізеді. Бұл – тұрғындар  үшін үлкен қуаныш,

Гүлзар – тек көріктендіру ғана емес, бұл тұрғындардың бос уақытын сапалы өткізуге арналған кеңістік. Қала экологиясын жақсартуға да сеп болады, — деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары ашылу салтанатында.

Қаратау ауданында ашылған гүлзар мен спорт алаңдары – қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасының артуының нақты көрінісі. Әкімдік өкілдері мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Айта кету қажет, 2025 жылы Қаратау ауданы аумағында жалпы саны 12 гүлзар, 24 балалар ойын алаңшасы және 3 спорт алаңшасын салу жоспарланған.