Бүгін Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дюсенбай Тұрғанов, Серік Ерубаев пен Ильяс Буларовтар іссапармен келді. Халық қалаулылары киелі мекеннің бірқатар мекемелерін аралап, Түркістан облысының жаңа ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Осыдан соң қазіргі уақытта Түркістан облысы Полиция департаментінің жұмыс істеп тұрған ғимаратындағы Жедел басқару орталығына келді. Мұнда ішкі істер органдарын цифрландыру, сервистік полиция моделі бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Яғни сервистік полиция аясында жасалып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен стационарлық пунктердің қызметін, қылмыстың азаюы мен болдырмауға байланысты жасалып жатқан жұмыстарды бақылады. Сондай-ақ департаменттің Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары туралы да толық мәліметтер берілді. Мәселен 2022 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін 102-ге 4000-ға жуық хабарлама тіркелген. Ал бейнебақылау камераларымен 5306 әкімшілік құқық бұзушылық пен 10 қылмыс ізін суытпай анықталған. Сервистік полиция аясында іске қосылып тұрған «SOS» батырмасына тұрғындардан 250-ге жуық хабарлама түскен. Іссапармен келген мәжіліс депутаттары қала, аудандардағы мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысын көрді. Облыс орталығы Түркістан қаласының да көше қиылыстарында орналасқан камералардың құқықбұзушылықты қалай анықтайтынын, анықталған соң неше уақытта шара қолданылатынын бақылады. Одан кейін Полиция департаментінің мәжіліс залында басқарма, бөлім басшыларымен кездесті. Ал облыстағы аудандық полиция құрылымдарының басшылары бейнеселекторлық режимде қатысты. Арнайы жиын департамент бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің төрағалығымен өтті. Облыстың бас полицейі, Түркістан облысында қылмыс пен құқықбұзушылықты одан әрі де азайту, ашылу көрсеткіштерін жоғарылату бойынша жұмыстар жүйелі атқарыла береді. Осы орайда полицейлердің штат санын көбейту, сервистік полиция моделіндегі жұмыстарды одан әрі де күшейтуге ұсыныстар айтты. Мәжіліс отырыстарында аталған мәселелердің қаралуын және полицейлерге қолдау білдіру қажеттілігін жеткізді. Сондай-ақ ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Тойшыұлы баяндама жасады. Онда Түркістан облысы аумағындағы жедел-жағдай мен қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздіктер бойынша атқарылған жүйелі жұмыстармен таныстырды. Жиын соңында халық қалаулылары өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Оған қоса: ішкі тыныштықты сақтайтын полиция қызметкерлері, сондықтан сіздерге артылар жүк аз емес. Ендеше әрқашан елге адал қызмет ете беріңіздер. Елдің қорғаны болудан шаршамаңыздар. Қиын қызметтеріңізге сәттілік тілейміз! деп тілектерін жеткізді.
ТО ПД баспасөз қызметі