«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы кезекті қоғамдық кеңесін өткізді. Онда Түркістан облысындағы жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың І тоқсанында 5,2 пайызды құрағаны белгілі болды. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан босату, еңбек- ақы өндіру мәселелері бойынша азаматтардан жиі өтініш келіп түскен. Мәселен, жыл басында 5500-ден астам өтініш тіркелген болса, оның 500-ден астамы аталған проблемаға қатысты. Маусым айы басталғалы партияның араласуымен бірнеше азамат жұмысқа орналасты.
Сайрам аудандық мәслихаты депутаттары А.Ұзақова, А.Искаков және А.Тайжанов партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды арыз-өтініштері бойынша қабылдады. Қарамұрт ауылының тұрғыны Н.Иристаева ІІІ топтағы мүгедек. Қабылдауға келудегі себебі – жұмыссыздық мәселесі. Осы ауыл тұрғыны З.Байзакова да жұмысқа орналастыруды өтіне келіпті. Депутаттар аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарымен және жеке кәсіпкерлермен байланысып, нәтижесінде өтініштер оң шешілді. Н.Иристаева «ҚарамұртГаз» ЖШС мекемесіне, ал, З.Байзақова «Балдәурен» балабақшасына жұмысқа жіберілді.
Партияның Ордабасы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде де жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешілді. Аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі А.Жөргенбайдың қабылдауында болған А.Сұлтанова «аспаз» мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруды сұрады. Өтініш иесінің мәселесі қанағаттандырылып, Темірлан ауылындағы мейрамханалардың біріне тұрақты жұмысқа орналасты.
Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты С.Кенжебаев аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жергілікті тұрғындарға жеке қоғамдық қабылдау өткізді. Бірлік ауылдық округінің тұрғыны Р.Әбілханов бос жұмыс орындары болса еңбекке қабілетті екенін жеткізді. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар аясында аудандық Жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналастырылып, мәселе шешімін тапты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде мамыр айында 1000-нан астам өтініш тіркелген. Оның 400-ге жуығы оңтайлы шешіліп, бір айдың өзінде тұрғындар түрлі көмектер алды. Ал, қалған 600-дей арыз-шағымға заң аясында түсіндірмелер берілген.
Сарыағаш ауданындағы Ақжар бастауыш партия ұйымына елді мекен тұрғындарынан тозығы жеткен электр сымдарын жаңарту жөнінде өтініш келіп түсті. Аудандық мәслихат депутаты Ш.Ибрагимов мәселені сессияда көтеріп, нәтижесінде аудандық бюджет есебінен тиісті қаржы бөлінген. 20 мамыр күні Т.Орынбаев көшесінің электр сымдары мен жарық шамдары ауыстырылып, тұрғындар партия филиалына алғыстарын білдірді.
Инфрақұрылым мәселесі Түлкібас ауданында да көтерілді. Қабанбай ауылының тұрғындары республикалық маңызы бар жолдың астында орналасқан мал өткелі және су өткелдерін ашу туралы шағымын жеткізген. Партия филиалы жауапты мекемелермен байланысып, нәтижесінде талап-тілек орындалды.
Ал, Төлеби ауданында жалғызбасты және қараусыз қалған Киелітас елді мекенінің тұрғынына медициналық көмек көрсетілген. А.Головконың екі көзі де нашар көреді. Аудандық мәслихат депутаты Д.Омаров өз қаражаты есебінен 3 рет аймақтық диагностикаға тексертуге ықпал етті. Тиісті мүгедектік құжаты болмауына байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан қалыс қалған. Депутат құжаттандыру мәселесіне де араласып, өтініш иесі І топтағы мүгедек ретінде тиісті жәрдемақыға қол жеткізді.
Ntime.kz