Әділетті қоғам орнатудың басты алғышарты заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Сол себепті Шымкент қаласының құқық қорғау органдары да халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысып, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал етіп отырады.
Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен өтіп жатқан «Заң керуені» акциясы аясында Абай ауданының прокуроры, аудан прокурорының орынбасары және қалалық еңбек инспекциясының бөлім басшысы, Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары, Абай ауданы әкімінің орынбасары, Абай ауданы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, Абай ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысымен бірлесіп Шымкент қаласы Абай ауданында орналасқан «Build stroi», «Gold Aluminium» ЖШС-не және «Continental Logistics Shymkent» — көліктік-логистикалық орталығына шығу арқылы қызметкерлерге еңбек заңнамасының сақталуы бойынша, жалақы мәселері, сондай-ақ құқықтық, тұрмыстық мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ашық форматтағы басқосуға келген жұрт өздерін толғандырған мәселелерін тікелей прокуратура мен басқарма өкілдеріне қойып, жауап алды.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы Абай ауданының прокуратурасы бастаған полиция басқармасы, кәсіпкерлік, сала өкілдері жұрттың сауалына үн қатып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Айта кетсек, аталған профилактикалық жұмыстардың басты міндеті – жергілікті жерлердегі халыққа жедел құқықтық көмек көрсетіп, тәртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың күш-жігерін біріктіру болып отыр.
Акция — қоғамдағы белсенді халық пен мемлекеттік органдардың диалогын нығайтып қана қоймай, үйлесімді жұмысты атқаруына сеп болуда. Себебі бұған дейінгі кездесулерде көтерілген түйіндердің барлығы дерлік оң шешімін тауып келеді. Аталған профилактикалық шара аясында, Абай ауданының әкімдігі де тұрғындардың ұсынысын тыңдап, оларды іске асырудағы басты міндеттерді жолға қою қажеттігін айтты. Акция аясында атқарушы жұмысшы топ мүшелері тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Алдағы уақытта бұл топ кесте бойынша ауданда орналасқан барлық ірі және орта кәсіпорындарының жұмысшыларымен “еңбек дауларын алдын алу, оларды шешу және жалақы мәселелері” бойынша кездесулер өткізеді.