Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен Отбасының цифрлық картасын өзектендіру бойынша жиын өтті. Оған облыстық жауапты басқармалар, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары онлайн-офлайн режимде қатысты.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жыл соңына дейін D және Е деңгейіндегі отбасылар санын азайтуды тапсырған. 2024 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша өзектендіруді қажет ететін отбасы саны — 168 579 отбасы болатын. 3 қыркүйектегі талдау нәтижесі 0,2%-ға өскенін көрсетті. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова баяндады. Бейсен Дәулетұлы мониторингтік қызметті тиісті деңгейде атқарған және көрсеткіші төмен аудандарға тоқталып, жұмысты күшейтуді міндеттеді.
Жұмысшы топқа талдау барысында медициналық мекемеге тіркелмеген отбасы мүшелерін, «МӘМС жүйесіне қатысушылардың болмауын және мектепке тіркелмеген балалардың болуын анықтау, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, мекенжай бойынша зерделеу, үй малын тіркеу, құзіреттілікке жатпаса да кредиттері бойынша берешегін өтеуге демеушілер арқылы ықпал жасау немесе банкроттыққа ұшырауды рәсімдеу секілді жан-жақты ұйымдастыру шараларына назар аудару ұсынылды.
Айта кетейік, Отбасының цифрлық картасы — мемлекеттік қолдау шараларын белсенді тағайындау мақсатында 2023 жылы іске қосылды. ОЦК жүйесі — отбасының экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, әл-ауқаты, денсаулығы мен білімі туралы ақпараттар тұрмыстық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан деректерді өзектендіріп отыру маңызды. Түркістан облысында жұмыстарды үйлестіру үшін 23-29 тамыз аралығында аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, жұмыспен қамту және мансап орталықтарының мамандарына оқыту семинарлары өткізілді.