Былтыр Шымкент қаласының аумағын көркейту мақсатында 108 орынға, яғни магистральді көшелердің қиылысына, айналма жолдар, жол жиектеріне 220 741 дана көпжылдық раушан гүлдері егілген. Олар биылғы мамыр айынан бастап гүлдей бастады. Сондай-ақ 1,3 млн дана қызғалдақ 40 мың шаршы метр аумаққа отырғызылды. Оның ішінде 700 мың дана қызғалдақ демеушілер есебінен егілген. Қызғалдақтың гүлдеуі аяқталғаннан кейін аталған аумақтарға әртүрлі біржылдық гүлдер отырғызылатын болады. Биыл ұзындығы 54,2 шақырым болатын 24 магистралды көшеде жалпы аумағы — 400 мың м2 болатын көгалдандыру, яғни газон мен суғару жүйесін жаңарту жұмысы атқарылады.
Сондай-ақ, «Абай», «Металлург», «Алатау» саябақтарында балалар ойын алаңшасын салу жоспарлануда. Бұл құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес атқарылатын болады.
А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында Ташкент қаласының ботаникалық бағымен ынтымақтастық бойынша келісім-шарт түзіліп, ағаш бұта тұқымдарын алмастыру мақсатында көшет түрлері 214-тен 251-ге дейін ұлғайды. 2025 жылы 132 ағаш-бұта тұқым түрлерін өсіру жоспарлануда. Осылайша, Дендрологиялық саябақтың гендік қоры 383 түрге жеткізілетін болады. Жоспар — 560 ағаш-бұта тұқым түрлерге жеткізу. Ал, қазіргі кезде саябақта 74 мыңнан астам ағаш бар.
Магистральды көшелер мен саябақтарды санитарлық тазалау жұмыстары бойынша қаладағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көшені мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 мердігер мекеме санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізуде.
Негізгі көшелерді тазалауға мердігерлер тарапынан 2000 жұмысшы және 189 арнайы техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар қала аумағындағы 12 саябақ, олар — Абай, Алатау, Металлург, Этно, Орталық, Тәуелсіздік, Наурыз, Жеңіс, Нұрсәт, Қазақстан-Түркия, Сәуле, Шымсити саябақтары мен 44 гүлзарды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізіліп келеді. Акция басталғаннан бері 317 мыңға жуық адам, 2 301 өндірістік және кәсіпкерлік, 687 әлеуметтік нысан қатысып, 10 145 бірлік техника жұмылдырылып, 24 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен бірге былтыр 200 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Сондай-ақ, қала тұрғындарының тазалыққа қатысты ұсынысы мен шағымын қабылдайтын телеграм желісіндегі «TazaQazBot» платформасы іске қосылғаннан бастап бүгінге дейін жалпы саны 212 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 164 өтінім бойынша тиісті жұмыстар толық орындалып, 8 өтінім бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес, 2025 жылы қала аумағында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында ауқымды «Таза аула», «World clean-up day» және тағы да басқа көптеген тазалық іс-шараларын өткізу, 220 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу, 24 көшені көгалдандыру жұмыстары жоспарланған.
Одан бөлек, қала аумағындағы 50 ескерткіш пен 25 нысанда 40 субұрқақты тазалау, күтіп-ұстау жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылмақ.
«Шымкент келбеті»