Шымкентте 30 скутерді жалға алып, сатып жіберген астаналық ұсталды
Интернетте көлік құралдарын жалға беру туралы жарнамалардың көптігін байқаған жас елордалық тұрғын қаржылық жағдайын жақсарту үшін қылмыстық жоспар құрған.
«Бизнес жоспарын» жүзеге асыру үшін Шымкентке келген.
Алаяқтық туралы арызбен 15 адам полицияға жүгінді. Тұран аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Қаскүнем келесі құрбаннан мотороллерді алуға келгенде ұсталды.
«Күдікті жалға берушілердің сеніміне кіре отырып, 30 скутерді иемденіп алған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 12 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда тоғыз скутер тәркіленді. Ұсталған азамат қамауға алынды» — деді аға тергеуші Дінмұхамед Баймахан.
Полицей кейбір көлік құралдары еліміздің басқа аймақтарының тұрғындарына сатылғанын атап өтті. Криминалдық полицияның жедел уәкілдері оларды анықтауға және тәркілеуге бағытталған.