Халықаралық студенттер күніне орай, Шымкент университетінде «Денсаулық – зор байлық» атты ұлттық спорттың бес түрінен университет аралық спартакиада өтті. Студенттердің басын қосқан дүбірлі додаға Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Жұмабек Тәшенов университеті, Аграрлық-техникалық колледж, «Авимед» көпсалалы колледждің студенттері қатысты.
– Шымкент университетінің басшылығымен ұйымдастырылған университет аралық спартакиадада ләңгі тебу, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, қол күрес, гір тасын көтеру ойындарынан жеті команда бақ сынады. Ұлттық ойындарымызды дәріптеу арқылы студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және олардың спортқа деген қызығушылығын арттырғымыз келді, – деді Шымкент университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Мәжит Рүстемов.
Үміткерлердің арасында сайыстарда еліміздің Туын желбіретіп жүрген жастар да бар. Солардың бірі – Нұрболат Ергеш. Ол гір тасын көтеруден төрт дүркін әлем чемпионы атанған.
–Бала күнімен спортқа бейім болып өстім. Әр түрлі ойындарға қатысып, жеңімпаз атанған кездерім көп. Соның ішінен гір тасын көтеру жаныма жақын болғандықтан, тек осы спорт түрімен айналысып келе жатқаныма жеті жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында Литва, Сервия, Будапешт, Өзбекстан мемлекеттеріне барып, бірінші орынды иемденгенмін. Бұрын он минутта гір тасын жетпіс мәрте көтерсем, бүгін 100 мәрте көтеріп, рекордты жаңартамын, – деді Шымкент университетінің студенті Нұрболат Ергеш.
Спартакиада кешке дейін жалғасады. Жеңімпаздар арнайы марапатталатын болады.