Шымкентте денсаулық саласында атқарылған істер мол

Бірінші байлық- денсаулық деп бекер айтылмаған. Елімізде денсаулық саласын жетілдіру  негізгі міндеттердің бірі және мемлекет тарапынан осы салаға көптеген қаражат бөлініп келеді. Денсаулық саласын іске асыруда жаңа технологиялар енгізіліп, цифрландыру жүйесі дамып отырады.

Шымкент қаласында 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд.теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Соңғы 4 жылда 12 жеке емханалар ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.

Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды.

Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген. Сонымен бірге 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда.

Сондай ақ Шымкент қаласының медицина мамандары Израиль мемлекетінде біліктілігін арттыруда. Бұл тәжірибе жинақтау жұмыстары үшінші мегаполис медицинасының сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.

Шет елде оқуда жүрген дәрігерлер жедел медициналық көмек, ана мен бала саулығын жақсарту мен емдеу жұмыстары бойынша шеберлігін шыңдауда. Оқыту жұмыстары екі аптаға жалғасады.

Айта кетейік, шымкенттік дәрігерлер ағымдағы жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында үш топ бойынша Израиль елінде тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Қазір бірінші топтағы мамандар аталған елдегі медициналық ұйымдарда кәсіби білімін жетілдіруде.

Израиль мемлекетінде білімін жетілдіретін топтың құрамында реаниматолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, кардиолог, педиатр т.б дәрігерлерінен жинақталған 44 медицина қызметкері бар.