Ntime.kz. Шымкентте 7859 ерекше бала бар. «I’m BALA» орталығынан көрген-білгендеріміз бізді біраз ойға жетеледі. Жалпы, Шымкентте осындай ерекше күтімді қажет ететін қанша бала бар, оларды күтіп-бағатын, тиісті қызмет көрсететін қанша мекеме бар, олар қалай қаржыландырылады, қандай қызметтер көрсетіп жатыр деген сияқты ойлар келді.
Анықтап білгеніміз, бүгінде Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін жасы 18-ге дейінгі балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 7859 екен. Осының ішінде 7 жасқа дейінгі 2662 бала бар. Ал, жалпы, жасы 18-ден асқандарды қосқанда олардың қатары 41 мыңнан асады.
Қалада ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды тәрбиелеумен, күтіп-бағумен айналысатын бірнеше ондаған мемлекеттік және жеке мекемелер жұмыс істейді. Бұлардың кейбірі өз жұмысын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүргізеді. Біз жоғарыда айтып өткен «I’m BALA» коррекциялық-дамыту орталығы сияқты ата-аналардың қаржылық қолдауымен ғана күн көріп отыр. Балаларды барша керектімен қамтамасыз етуден бөлек, өздері отырған ғимараттың жалдау ақысын, коммуналдық қызмет ақыларын, мамандардың жалақысын, көрсетілген түрлі қызмет ақысын уақтылы төлеп отыру оларға оңайға соқпайды. Осы орайда оларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа, түрлі гранттарға көбірек тартса деген ой келеді. Өйткені олар ерекше күтімді қажет ететіндерге қызмет көрсетіп, қоғамға пайдалы жұмыспен айналысып жүр.
Былтыр «I’mBALA» орталығы әзірге бес ұжымды қамтып отырған «Арман алаңы» коалициясының құрамына кірген болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мақсат – ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге қажеттінің бәрін бір орталыққа шоғырландыру, мәселелерді бір орталықтан шешу.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға қызмет жеке секторда әзірге осындай әрекеттермен жүріп жатыр. Жұмыс ауқымын кеңейтуді жолға қоя алса, көптеген бала мен ата-аналарға көмегі тигелі тұр. Әрине, мемлекет тарапынан, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан, жомарт жанды жекелеген кәсіпкерлерден лайықты қаржылай демеу болып тұрса, олар жұмысын өркендетіп, дамыта алар еді.
Ал мұндай көмекке мұқтаждар қатары баршылық. Мамандардың айтуынша аутизммен ауыратын балалар саны артып отыр. Баланың ондай қалыпсыздыққа ұшырауына қалта телефонының да әсері бар көрінеді. Яғни ол телефонға тәуелді болып қалады, содан дамуы тежеледі.
Мақала соңында мұны да айта кетуді жөн көрдік. Білгеннің зияны жоқ. Өйткені туабітті, жүре келе пайда болған мұндай ауытқуы бар балаларға қарау олардың ата-аналарына тіпті де қиын екені даусыз ғой.