Шымкентте су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдері талқыланды

су ресурстарын басқарудың

Шымкент қаласында «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Шымкент қаласының әкімдігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» акционерлік қоғамы бірлесіп ұйымдастырды.

Семинар жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Керімов, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ отандық және шетелдік компаниялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және сумен жабдықтау саласының жетекші сарапшылары қатысты.

Жиын Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында өткізілді. Президент өз Жолдауында цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу – тиімділікті арттыру тетігі ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты құралы екенін ерекше атап өткен болатын.

Семинар барысында Шымкент қаласының әкімінің бірінші орынбасары Айдын Керімов қарқынды дамып келе жатқан мегаполис үшін су ресурстарын тиімді әрі заманауи басқарудың маңыздылығын атап өтті.

«Халық санының артуы, өнеркәсіптің дамуы және жаңа тұрғын алаптардың салынуы сапалы ауыз сумен қамтуды, тиімді кәріз жүйесін және сенімді инфрақұрылымды қажет етеді. Бұған дейін қолданылған дәстүрлі тәсілдер бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Климаттың өзгеруі, тұтыну көлемінің артуы мен су тапшылығы – жаңа шешімдерді қажет етеді. Сондықтан цифрлық құралдар мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу – Шымкент қаласы мен жалпы ел үшін стратегиялық басымдыққа айналып отыр», – деді ол.

Семинарда суды есепке алу жүйесін цифрландыру, деректерді талдау арқылы тұтыну көлемін болжау, энергия тиімділігін арттыру және су шығынын азайту бағытындағы заманауи шешімдер таныстырылды.

Іс-шара соңында қатысушылар тәжірибе алмасып, су инфрақұрылымын цифрландырудың ұлттық деңгейдегі жол картасын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар қабылдады.

Бұл бастама елімізде экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, ресурстарды үнемдеуге және инженерлік инфрақұрылымды жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.