Халықаралық каратэ федерациясы (WKF) жүргізген рейтингі бойынша өткен жылы шымкенттік спортшы Дархан Асаділов әлемдік рейтинг бойынша ең үздік каратэшілердің көшін бастаған деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ол 60 келіге дейінгі салмақта 9517 ұпаймен үздіктер қатарынан көрінген. Асаділовтің басты қарсыластары Анджело Кречензо (Италия) мен Шамдан Ерай (Түркия) екінші және үшінші орында болған.
⠀
Бүгінде 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін жерлесіміз Олимпиадалық рейтингте көш (600 спортшының арасында) басында тұрғандықтан, XXXII-жазғы Олимпиада Ойындарының жолдамасын мерзімінен бұрын иеленді. Айта кетейік, Токио Олимпиадасына каратэ спорт түрі алғаш рет еніп отыр.
Дархан Асаділов өзінің спорттық жолында 11 Премьер-лигаға қатысып, оның сегізінде жеңіске жеткен. Ол 1987 жылы туылған. Бойы 165 см. Жеке жаттықтырушысы Ш.Қажымұқан. Спорттық атағы Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.