«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда

экологиялық

8 сәуір күні елімізде республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бес аптаға созылады және әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар.

Аталған науқанға Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше қолдау білдіріп, жұмыстарды белсенді бастап кетті.

Экологиялық акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде.

Ал бүгін Шымкентте #TazaShym атты жалпы қалалық тазалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында барлық аудандар мен елді-мекен аумақтарында тазалау жұмыстары жүргізілді.

Солардың бірі Абай ауданы аумағында өткізілді. Науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағын аудандарының 500-ден астам тұрғындары қатысып, 20-жуық техника жұмылдырылды. Қатысушылар аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, сонымен бірге Бәйдібек би даңғылы мен А2 тас жолы бойын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараға тұрғындармен бірге ауыл биі, еңбек ардагері, отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі – О.Тәжібаева, №90 мектеп директоры – А.Орынбаев, белсенді жас – Г.Құдайберген, ардагерлер, жастар өкілдері және басқа да қоғам белсенділері мен танымал азаматтар атсалысып, қолдау көрсетті.