Экологиялық мәдениет — әр азаматтың табиғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершілігі мен саналы көзқарасын көрсететін басты өлшем. Қаратау ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағында тазалық сақтау, көгалдандыру, қоқыс қалдықтарын бөлек жинау және тұрмыстық мәдениетті арттыру бойынша түсіндіру акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік құрылымдардың немесе коммуналдық мекемелердің міндеті емес, ол — әрбір тұрғынның ортақ борышы. Қаратау ауданы әкімдігі мен қоғам белсенділері тұрғындарға экологиялық жауапкершіліктің маңызын түсіндіру мақсатында сенбіліктер, ағаш отырғызу және қаланы көгалдандыру шараларын жиі өткізеді. Бұл бастамалар тек тазалықты қамтамасыз етуге ғана емес, тұрғындардың экологиялық сана-сезімін арттыруға да бағытталған.
Бүгінде аудан аумағында “Таза қала — өз қолыңда” және “Экоапта” секілді акциялар дәстүрге айналып отыр. Оған еріктілер, жастар ұйымдары және білім беру мекемелері белсенді қатысады. Мұндай іс-шаралар арқылы балалар мен жастарға табиғатты аялау, қоқысты бейберекет тастамау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениеті үйретіледі. Себебі экологиялық мәдениет балалық шақтан қалыптасады.
Сондай-ақ, Қаратау ауданында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі енгізілуде. Бұл қадам қоршаған ортаны ластанудан қорғап, қайта өңдеу саласының дамуына мүмкіндік береді. Арнайы контейнерлер орнатылып, тұрғындарға тұрмыстық және қайта өңделетін қалдықтарды ажыратып тастау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімдігі тұрғындарды экологиялық мәдениетке шақырып, әр адамның өз үйінің, көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауының маңызын ерекше атап өтеді. Табиғатты қорғау — ұрпақ алдындағы аманат. Қала тазалығы мен экологиялық қауіпсіздік – бәріміздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі.
Тек қоғам болып, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттырғанда ғана экологиялық мәдениет өмір салтына айналады. Таза қала – мәдениетті қоғамның айнасы.
