Электронды кітаптың тиімділігі неде?

Әлем дамыған сайын технология өзгеріп жатыр. Қазіргі заманды смартфон, планшет, компьютерсіз елестету мүмкін емес. Цифрлық технологияның дамығаны сондай, том-томдап ұстап, оны парақтап, әр ашылған сайын иісін сезініп оқитын кітаптарды қолымызға алмайтын болдық. Себебі интернетте тегін де, ақылы да электронды кітаптар қаптап кеткен. Қалаған кітабыңды жүктеп алып, смартфон арқылы оқи бересің.

         Электронды кітап шыққалы баспа өндірісінің дамуы бәсеңдеп қалды. Жүздеген, мыңдаған таралыммен шы­ғатын кітап саны азайды. Кітап сататын дүкендерге, кітапханаларға баратын адам санына бұрынғыдай көңіл толмайды. Осылайша, қағаз кітаптың орнын сандық кітап басып келеді.

         Сандық кітаптың тиімді тұстары да жетерлік. Электронды құрылғылардың басты жетістігі – көптеген құжатты сақтай алуы. Дәл сол секілді электронды кітаптарға да талай том кітаптар сияды. Қағаз бетіндегі кітаптан артықшылығы көлемінің аздығы, толық мәтінді іздес­тіру мүмкіндігі, гарнитура мен қаріп кеглін тез әрі оңай ауыстыра алу мүмкіндігі, кітап мәтінін аудио түрінде тыңдай алу, жарықсыз-ақ кітапты оқи беру, таралымның арзандығы, қағаз бетіндегі кітаппен салыстырғанда шығару уақыты әлдеқайда жылдам болуын­да. Сандық кітапты қалаған жеріңізде, қалаған уақытта оқи беруге де болады.
         Кітапты қолыңа алып парақтаған­ның орны бөлек. Кез келген адамның бойында бұғып жататын шығармашылық қабілетті өрістетіп, өрбітіп, айналаны тануға ұмтылдыратын, шабыт беретін дүние – кітап. Және рухани қазына – ой мен сананың, ақыл мен білімнің алтын діңгегі.
         Алайда қазір кітап оқудың заманауи үлгісі қалыптасқан. Электронды кітап­ты бүгінде орта буын өкілдері мен жастар жиі оқиды. Оны өзіңіздің ұялы телефоныңызға немесе күнделікті қол­данатын ноутбугыңыз арқылы оқи беруге болады. Бірақ, электронды кітапты оқу кітапты қолға алып оқығанмен бірдей әсер қалдыра ала ма, жоқ па деген сауал туындайды. Гаджет парақтау алдымен адамның көз жанарын зақымдаса, екіншіден, шимайлы беттерді ұзақ уақыт оқып отыру ыңғайсыздық туғызады. Ерекшелігі ол үнемі қолыңызда жүре­ді, артық орын алмайды, кез келген уақытта, қалаған орында оқи беруге болады. Кітапты қолыңа алып, жата-жастана отырып парақтағанның орны әсте бөлек. Біріншіден, кітаптың маз­мұны мен тақырыбына сай безен­дірілген мұқабасы, көркемделуі, мә­тін­ге сәйкес суреттері оқырманға ерек­­ше әсер қалдырып, толықтай оқып шығуға ынталы етеді. Екіншіден, кітап білім құралының бастапқы эталоны болғандықтан электронды оқулықтан әлдеқайда жоғары орында қала береді.

Ntime.kz