«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның еншілес кәсіпорны «KAP Technology» ЖШС атом холдингінің еншілес ұйымдарын цифрландыру және автоматтандыру саласында «Siemens» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы стратегиялық келісім жасасты.
2019 жылдан бері Siemens компаниясы «KAP Technology» ЖШС-тің технологиялық жабдықтарды, сондай-ақ өнеркәсіптік автоматтандыру саласындағы консультациялық, инжинирингтік және сервистік қызметтерді ұсынудағы ресми серіктесі болып табылады, бұл атом холдингімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін негіз болды.
«Қазатомөнеркәсіп өндірісті цифрландыру және автоматтандыру саласында инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Серіктестің озық технологияларын, жабдықтарын, бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдалану өндірістік процестерді оңтайландыруда және шығарылатын өнімнің сапасын арттыруда өз нәтижелерін көрсетті. Siemens компаниясымен одан әрі ынтымақтастық атом холдингінің барлық цифрлық экожүйесінің дамуына оң әсер ететініне сенімдімін», — деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Мұхит Мағажанов.
Стратегиялық келісім шеңберінде уран өндіру саласының кәсіпорындарында озық технологияларды енгізу жөніндегі пилоттық жобаларға бірлесіп қатысу, сондай-ақ инновациялық жобаларды табысты іске асыру үшін жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған оқу бағдарламаларын белсенді дамыту көзделген.
Тараптар кәсіпорындарды автоматтандыру мен цифрландыру деңгейін едәуір арттыруды жоспарлап отыр, бұл Қазатомөнеркәсіптің уран өндіруші саланың көшбасшысы ретіндегі мәртебесін нығайтуға және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл стратегиялық әріптестік инновациялар саласындағы компаниялардың жалпы идеологиясын атап көрсетеді және олардың озық технологиялар мен білім беру бастамалары арқылы саланы дамытуға жәрдемдесуге деген шешімділігін растайды.
Асқар Атагулин, PR департаментінің директоры