“Тазалық-табалдырықтан басталады”, сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың басты міндеті болып табылады. Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі деп қарастырғанымыз жөн. Өйткені денсаулықтың кепілі — тазалық.
Бүгін Шымкент қаласында қазан айында басталған “Таза қала өзіңнен басталады” акциясы аясындағы жалпықалалық кезекті сенбілік өтуде. Айта кету керек, шаһарда әр сенбі сайын сенбілік ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Соданда болар сенбілікке қатысушылардың саны артып келеді. Бұл, әрине құптарлық іс. Қала бәрімізге ортақ болғандықтан, қала тазалығы бәріміз үшін маңызды. Сондықтан тазалық мәселесінде алдымен әрбір тұрғын өзі тұрған жердің тазалығына мән берсе, тазалық сақталады. Сонда барып аула тазарады. Ал ауланың тазалығы қаланың тазалығы, қаланың тазалығы- сананың тазалығы.
Бүгінгі кезекті сенбілікке қала әкімі аппаратының, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдікке қарасты барлық салалық басқармалардың, аумақтық органдардың, мемлекеттік және жеке меншік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен ерікті жастар қатысып жатыр.
Солардың қатарында «Ақпараттық-коммуникациялық орталығының» қызметкерлері де бүгінгі күнгі сенбілікке атсалысуда.
Олар өздеріне бекітіліп берген Желтоқсан көшесі, яғни Темірлан тас жолынан Сайрам көшесіне дейін аралықта көше бойларын, арық ішін, қоқыс алаңына айналған орындарды қалдықтардан тазартты.
Әр апта сайын сенбілікке шығып жүрген орталық қызметкерлері таза орта қалыптастыру тазалаудың емес, тазалық сақтаудың нәтижесінде жүзеге асатынын жақсы біледі.
Сондықтан, тек сенбілікте ғана емес күнделікті өмірде де сүйікті қаламыздың тазалығына баршамыз үлес қосайық!